Биржада қандай акциялар қымбаттайды?

318
Қазақстандықтардың құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы артуда.
 Өткен айда КАСЕ акциялармен жасалған барлық мәмілелердің 40%-тан астамы жеке тұлғаларға тиесілі. Отандық биржадағы сауда-саттық көлемі 14% өсіп, 13 триллион теңгені құрады. 
Мыс пен уран өндіретін екі тау-кен компаниясының құнды қағаздары қымбаттап жатыр.
 КАСЕ индексі бір айда шамамен 5% өсті. Еске салайық, осы жылдың ақпанында Қазақстан қор нарығының басты көрсеткіші 13 жылда алғаш рет үш мың тармақтағы белгіні еңсеріп, тарихи максимумнан асып түсті. Өсімге индекстік акциялармен жасалатын мәмілелердің ұлғаюы себеп болған. Мұндай сауда-саттықтың жалпы көлемі 5 миллиард 800 миллион теңгені құрады. Айта кетерлігі, мәмілелердің 40%-тан астамы «Қазақтелеком»акциясына тиесілі. Бұл туралы брифингте Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская хабарлады. Ол «Қазатомөнеркәсіптің» жай акциялары 24% қымбаттағанын айтты. Сарапшы мұны уран кеніне әлемдік сұраныстың артуымен байланыстырады. Сондай-ақ KAZ Minerals мыс холдингінің акциялары 17% қымбаттады. Биржаларда мыстың бағасы өсіп келеді. 2020 жылдың аяғында әлемдегі мыс тапшылығы шамамен жарты миллион тоннаны құрады. Бұл үрдіс биыл да сақталуы ғажап емес. Сондықтан мыс өндіруші компаниялардың акциялары одан әрі қымбаттауы мүмкін. Ақпан айында «Кселл» акциялары арзандады. Айта кетерлігі, компания құнды қағаздарын Лондон биржасынан шығаруды жоспарлап отыр. 
Наталья Хорошевская, KASE басқарма төрайымы:
 – Kcell 9 сәуірге жоспарланған акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысы туралы хабарлады. Оның аясында компанияның құнды қағаздарын Лондон қор биржасынан шығару жоспарлары бекітіледі. Оң шешім қабылданған жағдайда, мобильді оператордың акциялары тек Қазақстан қор биржасында қалады. 
Тауары шекарада тұрып қалған кәсіпкерлерге арнайы куәліктер берілді 
Қазақстанның сыртқы сауда палатасы Қазақстан-Қытай шекарасында жүктері тұрып қалған кәсіпкерлерге форс-мажор басталғаны туралы отыздан астам куәлік берді. Осылайша жалпы сомасы жүз миллион теңгеден асатын тауарды қамтып, кәсіпкерлер мүддесін қорғады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан хабарлады. Логистика және тасымалдау департаменті директорының орынбасары Дархан Мұратхановтың айтуынша, тоғыз мыңнан астам вагон Қытайға тауар жеткізе алмай тұр. Қазақстан жақта бүгінде зығыр тұқымы, бидай және басқа да дәнді дақылдар салынған екі мыңға жуық вагон тұр. Олардың бәрі қапшықта сақталған, сондықтан бұзылып кетуі қаупі бар. Сарапшылардың бағалауынша, бүлінген жүк үшін жөнелтушіге келетін залал шамамен 18 миллиард теңгені құрауы мүмкін. 
Еске салайық, ақпан айында қазақстандық тасымалдаушылар Қытай Халық Республикасына жүк тасымалдауға тыйым салады деп хабарланған болатын. 
Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру жалғасып жатыр 
Әлеуметтік осал топқа кіретін және жалғыз баспанасы банктің балансында тұрған мың жарымға жуық адамға қосымша көмек берілді. Оның көлемі – 13 млрд теңге. Бұл туралы еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Еске салайық, былтыр агенттік ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының үшінші бөлігін іске қосты. Ол үшін Ұлттық банк 44 млрд теңге бөлді. Бағдарламаның шарттарына сәйкес келетін, берешегін өтей алмай жүрген азаматтар борыш жүктемесін азайту үшін өз банктеріне жүгінуге құқылы. Өз кезегінде банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын ескеріп, борышты азайту және жеке тәртіппен жүктемені жеңілдету құқығы берілді. Тағы бір жайт, банктер қоса қарыз алушылардың, кепіл берушілердің жалақысын ипотека алушының кірісіне қоспайды. Мемлекеттік бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен  алименттер де кіріс ретінде саналмайды. Егер қарыз алушының жалғыз баспанасы банктің балансында болса, қаржы институттары клиентке жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесін тағайындау құқығына ие. 
Америкалықтар мемлекеттік төлемдерге акция алмақшы 
25 пен 34 жас аралығындағы жас америкалықтардың жартысына жуығы мемлекеттен берілетін жаңа төлемдердің бір бөлігін акция сатып алуға жұмсауды жоспарлап отыр. Ел президенті Джо Байденнің жоспарына сай әр салық төлеушіге 1400 доллардан беріледі. Халықты тұтынушылық қабілетін ынталандыруға шамамен 405 млрд доллар көзделген. Төлемдердің бір бөлігін америкалықтар акция алуға жұмасаса, мемлекеттік қолдау қор нарығына 150 миллиард доллар ақша ағынын әкеледі деген болжам бар.
 Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. доллар 419 теңге 01 тиын, еуро 501 теңге 41 тиын, рубль 5 теңге 7 тиын.