Жоғары оқу орындарының оқытушыларының жалақысы қыркүйектен бастап өспек

454
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында биыл қыркүйек айынан бастап ведомствоға тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы көбейетінін айтты. 
Министрдің сөзінше, оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруына жағдай жасау - жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды.
 
Аймағамбетов бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен министрлікке тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20 пайызға, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20 пайызға ұлғайтылғанын баяндады. 

"Дегенмен де, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру керек. Осы тұста болған жалақының базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40 пайызға ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр. 

Мысалы, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық" , - дейді министр. 

Оның сөзінше, кейбір университеттер оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алған. Ал лауазымдық жалақы мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен. 

Екінші бір ЖОО-лар жалақыны педагогикалық жүктемені көбейту арқылы арттырған. Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жеткен.
 Асхат Аймағамбетов осыған байланысты президент тапсырмасын орындау үшін ведомствоға бағынышты университеттермен кеңес өткізіп, екі норманы бекіткенін мәлімдеді.

"Бірінші. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгілеу. 

Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы тиіс. Сонымен қатар, әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады.

Екінші. Педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау. 
Әрине, бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ. 

Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ке дейін төмендетуі керек", - дейді Асхат Аймағамбетов. 
Сонымен бірге министр бұл бұйрықтың ерте қабылдану себебін де айта кетті. Сөзінше, қыркүйекке дейін ЖОО басшыларына өз шығыстарын қайта жоспарлап, кірістерін ұлғайту үшін уақыт берілген.