Ішкі істер министрі депутаттарға жантүршігерлік жағдай туралы айтты

435
Адамдардың ұзақ уақыт оқшауда отыруы және ішімдікке салынуы салдарынан қылмыстың 80 пайызы үйде жасалған. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев парламент сенатында өткен үкімет сағатында баяндап берді.
Тұрғымбаевтың айтуынша, пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстары күрт көбейіп кеткен. 
"Шыны керек, адамдар төрт қабырғаға қамалып қалды. Содан барлық қылмыс отбасының ішінде жасалды. Осы мәселе назардан тыс қалды. Оны мойындаймыз. Өйткені полиция қызметкерінің барлығы блок-бекеттерге шықты, карантиндік шараларға атсалысты", - деді Тұрғымбаев.
 Осы орайда министр маңызды бір мәселе жайында күрсініп айтты. Оның сөзінше, отбасының адамгершілік жағы нашарлап кетті.
 "Ең қорқынышты мәселе мынада, бізде...қалай айтайын...отбасыда адамгершілік нашарлап кеткен. Мен бір статистиканы келтірейін, оны әлі еш жерде жариялаған жоқпын. Адамдардың ұзақ уақыт оқшауда отыруы және ішімдікке салынуы салдарынан қылмыстың 80 проценті үйде жасалады. Басым бөлігі – зорлау және балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер. Осы қылмыстардың көбісін туыстары жасаған", - деп атап көрсетті Тұрғымбаев.