Мәжіліс жанынан парламентаралық кеңес құрылады

352
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін парламенттік және парламенттік емес партиялардың өкілдерімен кездесуінде осындай бастама көтеріп, баяндады. 

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, құрамына «Ақ жол», «Adal», «Ауыл», Қазақстанның халық партиясы, «Nur Otan» және Жалпыұлттық социал демократиялық партиялар енген консультативтік-кеңес органы заңнамалық жұмыстың тиімділігін арттыратын пікірталас алаңына айналуы тиіс. Парламенттік емес партиялардың өкілдеріне Мәжілістен маңызды заң жобалары бойынша жұмыс топтарының құрамына кіріп, жұмысқа белсене араласу ұсынылды. Парламентке енбеген партия өкілдері бұл бастаманы қолдап, құжаттарды бірлесе талқылауға әзір екенін жеткізді. 
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
 - Осындай партияаралық кеңес құру туралы ұсыныстың ең басты мақсаты – ол парламенттік және парламенттік емес партиялар арасында тұрақты диалог орнату. Себебі, осы жерде айтылатын бастамалар, ұсыныстар, пікірлер еліміздегі маңызды мәселелерді бірлесіп шешумен бірге, заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да ықпал етеді деп сенеміз.