Көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам мерт болды

415

Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, мамандар 19 адамды құтқарып, аман-есен алып қалды. Ысты газға уланған қарт әйел жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қарағанды қаласы Күзембаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама 10 наурыз күні сағат 03:26-да түскен. Шақыру орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері кіреберістегі қатты түтінді байқаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы барлауға, подъезд тұрғындарын құтқаруға және эвакуациялауға бағытталды. «Қатты түтіннің салдарынан 4-қабатта орналасқан пәтерден өз бетінше эвакуациялануға тырысқан анасы мен баласы табылды. 1946 жылы туған әйел улы газдан уланып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», – деп мәлім етті. Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. Өрт сөндіруші-құтқарушылар автосатының көмегімен осы кіреберістің пәтерлерінен 4 адам, оның ішінде 3 баланы құтқарды. Сондай-ақ баспалдақ маршы бойынша 15 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Бесінші қабаттағы пәтерден екі адам ауруханаға жатқызылды – ана мен бала иіс тиіп уланған. Жалын 1-қабаттағы баспалдақтың астында орналасқан ағаш қоймадан шыққан. Өрт сөндірушілер жанып жатқан қоймадан сыйымдылығы 27 литр бос газ баллонын алып шықты. Өрттің жалпы ауданы 3 шаршы метрді құрады.