Дәрігерлердің салғырттығы науқастың өміріне қауіп төндірді
Шу аудандық ауруханасына дертіне шипа іздеп келген Шолпан Ырысалиева дәрігерлердің салғырттығынан ауыр жарақат алғанын айтып, шағымданды. Облыстық мәслихаттың экс-депутаты “ауру үстіне ауру жамылдым” дейді. Бұл туралы Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқастың айтуынша, желке тұсындағы ісікті көрген дәрігерлер нақты тексермей, жобалап диагноз қойып, бірден ота жасауға шешім қабылдаған.
Алайда ота жасалмай, тек наркоз алған науқас палатаға жатқызылған. Дәрінің әсері басылған соң, Шолпанның жағдайы күрт нашарлап, қатты қиналған. Кейін белгілі болғандай, анестезиолог ұйықтататын дәріні салу кезінде тамағын жарақаттап алған.
Бұл жайтты Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жайдар Айтишев те растады. Айтишевтің айтуынша, екі медицина қызметкері қатаң сөгіс алған.
Жарақат салдарынан 57 жастағы әйел бір ай бойы ас іше алмаған. Жұтқыншағы іріңдей бастаған соң ол жеке емханаға жүгініп, кейін облыс орталығында тексеруден өткен. Сонда ғана дәрігерлер бұрын қойылған диагноздың қате екенін анықтаған – Шолпан Ырысалиева қатерлі ісікке шалдыққан болып шықты.
Қазір науқас қатерлі ісікті емдеу үшін облыс орталығында ем қабылдамақ. Ал оқиға бойынша медициналық бақылау органдары тексеріс жүргізеді деп күтілуде.







