Дәрігерлер трактордан зардап шеккен науқастың өмірін сақтап қалды

2 518

Фото: Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасыМұндай күрделі деңгейдегі операциялар әдетте облыс орталықтарында немесе республикалық институттар базасында ғана жасалады,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Жақсы ауданындағы дәрігерлер нағыз ерлікке пара-пар іс атқарған.

Оқиға Жақсы ауданының Новокиенка ауылында болған. 65 жастағы жұмысшы трактордың астына түсіп қалған. «Политравма» диагнозымен ауыр халде жедел жәрдем арқылы аудандық ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, науқас түскен сәттен бастап әр минут маңызды болған. Ер адамның жағдайы өміріне қауіп төндіретін деп бағаланған. Реанимация бөлімінде шұғыл тексеріс жүргізіліп, жедел шаралар қолға алынған. Хирургтер бауырды тігіп, жаппай ішкі қан кетуді тоқтатты. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін плевра қуысына дренаж орнатылды. Жамбас сүйектері сыртқы бекіту аппараты арқылы тұрақтандырылды, — дейді басқармадағылар.

Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында науқастың жағдайы тұрақтандырылды. Алайда жарақаттың ауырлығы жамбас сүйектерін толық қайта қалпына келтіруді талап еткен.

Әдетте мұндай күрделі операциялар облыстық орталықтарда немесе республикалық деңгейдегі мекемелерде жасалады. Бірақ науқастың жағдайы шұғыл көмекті дәл сол жерде көрсетуді қажет етті. Институт мамандарымен телемедицина арқылы консилиум өткізіліп, аудандық аурухана дәрігерлері қашықтан бақылаумен өздері ота жасау туралы шешім қабылдады, — деп атап өтті ведомство.

Бұл — аудан тарихындағы алғашқы осындай күрделі операция. Бес маманнан құралған бригада шамамен жеті сағат бойы жамбас сүйектерін қайта құрастырып, остеосинтез жасаған, қасаға сүйегіне блокталатын пластиналар орнатқан және сегізкөз-мықын буынына миниинвазивті остеосинтез жүргізген.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ең бастысы — ер адамда қозғалу белсенділігі қалпына келген, — дейді облыстық басқарма.

Мамандардың айтуынша, бұл жағдай шалғай аудандарда да жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімді бола бастағанының дәлелі болған.