Сенатта төтенше жағдайларды жоюға байланысты заң жобасы талқыланды

362
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.

Бұл заң жобаларын қабылдау арқылы тараптардың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларды болжау саласында тәжірибе алмасуға және тарап-мемлекеттердің оқу орындарында азаматтық қорғау саласында маман даярлауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ жаңа нормалар төтенше жағдайлардың алдын алуға, туындауына, оларды жоюға қатысты ақпарат алмасуға және сұрау салу бойынша тараптардың аумағында төтенше жағдайларды жою кезінде көмек беруге жол ашады.

Сонымен қатар Сенат депутаттары Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Құжат инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін инвесторлар құқықтарының кепілдіктерін бекіту арқылы ынтымақтастық арттырудың құқықтық негіздерін қалыптастыруды көздейді. Одан бөлек, заң жобасында инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін нормалар бар.

Сенат отырысының күн тәртібіне енгізілген келесі мәселе – «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы. Бұл құжат 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 13 қылмыс құрамын алқабилерге беруді көздейді.

Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.