Президент Жарлығымен әлеуметтік осал санаттағы адамдардың құқығын қорғайтын уәкіл институты құрылды
Мемлекет басшысы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру туралы Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Қазақстан Республикасында халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты (бұдан әрі - Уәкіл) құрылсын, ол өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырсын.
2. Уәкілдің негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру болып табылады деп белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.", - делінген жарлықта.
Қаулыда Уәкіл институты өз қызметін қоғамдық бастамада жүзеге асыратыны айтылған.
Уәкілдің негізгі мақсаттары – халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттарымен өзара іс-қимылда олардың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру.
Омбудсмен мына адамдардың негізгі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
- жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
- қандастар;
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар жатады.