Үкіметте Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқығын қорғауға бағытталған заңды қабылдады

1 702

Мәжіліс отырысында Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқығын қорғауға бағытталған құжат қабылданды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды..


«Хаттама аясында уағдаласушы тараптардың өздері құқықтық көмек көрсету кезінде қатынастарды жүзеге асыратын құзыретті мекемелерді айқындауды және дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етуді көздейтін Шарттың 4-бабына өзгеріс енгізу ескерілген.


Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету кезінде ҚР Ішкі істер органдары құзыретін белгілейтін 28-бапты алып тастау қажет. Себебі бұл функция бұдан былай Бас прокуратураға тиесілі. Сонымен қатар ішкі істер органдары құзыретін алып тастауға байланысты Шарттың 40-бабын өзгерту керек», - деді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.


Хаттама «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 27-бабының 4-тармағына сәйкес ратификациялануы тиіс.


«Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», - деді министр.