Қазақстандықтар енді шенеуніктердің отставкасына қатысты петиция жариялай алмайды

1 304

Ендігіде Қазақстандықтар министрлер мен әкімдердің отставкасына қатысты петиция жариялай алмайды.-деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

 

Бүгін Сенат "Қоғамдық бақылау туралы" заңды және ілеспе құжатты мақұлдады. Заңға сәйкес петиция ұғымы енгізіледі. Вице-министрдің айтуынша, лауазымды шенділердің отставкасын тек президент пен парламент шешеді.


"Конституциялық, әкімшілік-аумақтық құрылымдар, шекара, одан басқа тіл мәселесі,конституциялық заңдар, сайлау және референдум, сот жүйесі, прокуратура туралы заңдар, арнайы қызметтердің қызметіне байланысты, мемлекеттік құпиясы бар мәселелер (петицияда – автор) қаралмайды. Сонымен қатар президент пен екі палаталы Парламент, Үкіметтің құзыретіне кіретін лауазымдарды тағайындау мен орындарын алу туралы мәселелер (петицияда) қарастырылмайды. Өйткені, ол конституциялық заңдар мен сайлау, референдум туралы заңдармен қарастырылады", – деді Қадыров.


Оның айтуынша, бұған дейін петиция орналастыру платформалары ресми болмады. Қадыров адамның жеке деректері, құқығы мен бостандығын шектейтін мәселелер де қаралмайтынын айтты. Оған тіл мәселесі де кіреді. 


Бүгін заң жобалары күшіне енген жағдайда ресми ақпараттық платформа пайда болады. Ол "е-өтініште" жеке модуль болып белгіленеді.


Осы орайда БАҚ өкілдері вице-министрден "қазақстандықтар тікелей әкімдер мен министрлерге қарсы петиция бере ала ма?" деп сұрады.


"Бұл мәселелер заңда анық көрсетілген. Қарсы петиция бере алмайды. Өйткені конституциялық заң бар, Президенттің, Үкіметтің және Парламенттің қос палатасының конституциялық құқықтары бар. Ал басқа жағдайларда ұсынуға болады. Бірақ Президент, Парламенттің қос палатасы және Үкімет тағайындайтын лауазымдар бойынша петиция жасалмайды", – деді Данияр Қадыров.