Тоқаев Қытайдың жаһандық бастамасы жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында ҚХР-дың жаһандық даму және жаһандық басқару саласындағы бастамалары бойынша жоғары деңгейдегі кеңесте сөз сөйледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шара «Жаһандық дамудың жарқын келешегін бірлесе құру, бастапқы ұмтылыстарға адалдық» тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысы аса маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орнықты даму мақсаттарына тезірек жетуге ықпал ететін Жаһандық даму бастамасына (Global Development Initiative) еліміздің қолдау көрсететінін жеткізді.
Бұл бастама егемендік теңдігін қамтамасыз ету, халықаралық құқық үстемдігі, көпжақты институттарды нығайту, сондай-ақ адамдардың игілігі мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлемдік тәртіпті ілгерілету секілді өзекті мәселелердің шешімін ұсынады.
Сондай-ақ Президент Жаһандық басқару бастамасы 150-ден астам ел қосылған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының міндеттерімен үндес екенін жеткізді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық бастаманы жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастық БҰҰ-ның негізгі мақсаттарына жетуге септігін тигізетінін атап өтті.