Қырғызстан Қазақстанға жер беріп жатыр

2 908

Фото: Ақорда пресс2026 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бірқатар маңызды құжаттар бір мезгілде күшіне енеді. Ең алдымен, Бішкек пен Астана өз елшіліктерінің қажеттілігі үшін ғимараттар мен жер телімдерін бір-біріне өтеусіз пайдалануға береді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қырғызстанда Қазақстанмен дипломатиялық мақсаттарға арналған жылжымайтын мүлікті өзара беру туралы келісім күшіне енуде. Бұл құжатты Жоғорку Кеңеш ратификациялады: қаңтардың соңында депутаттар келісімді бірден үш оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, Астанадағы Қырғызстан елшілігінің ескі ғимараты сүріледі: орнына Бішкек елордада дипломатиялық миссиясының жаңа ғимаратын салады.


Елшіліктерге арналған ғимараттар мен жер телімдерін өзара өтеусіз беру туралы алғашқы келісім 2005 жылғы 10 тамызда Бішкекте қол қойылған болатын. Қырғыз тарапы оны 2007 жылы, қазақстандық Парламент – тек 2011 жылы ратификациялады. Ал, 2025 жылғы 22 тамызда қол қойылған жаңа келісім 2005 жылғы шартты жаңартты.


Қазақстан елшілігі бейімделген үй-жайдан арнайы тұрғызылған нысанына көшіп алды. Сондықтан жаңа келісімде Қазақстан елшілігінің салынған ғимараты көрсетіліп отыр. Бұрынғы келісімдегі коттедж енді Қазақстан Республикасының елшісі тұратын резиденция ретінде пайдаланылатыны жазылған.

Астанада қырғыз тарапына мынадай нысандар берілетіні жариялады:


• Қырғыз Республикасының жаңа елшілік ғимараты бой көтеретін Астана қаласындағы ауданы 0,7412 гектар жер телімі;

• Жалпы ауданы 1 267,8 шаршы метр болатын қолданыстағы ғимарат және оған тиесілі ауданы 0,125 гектар жер телімі.

Қазіргі кезде бұл ғимаратта елшілік уақытша орналасқан. Жаңа нысан салынған соң мұнысы елші өмір сүретін резиденцияға айналдырылады.



2026 жылы күшіне енетін топтамаға екі ел үкіметтері арасындағы "2006 жылғы 4 шілдедегі Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді және 2006 жылғы 4 шілдедегі Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы" және "2009 жылғы 1 желтоқсандағы ҚР Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы ҚР Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы" ратификациялаушы заңдар кірді. Бұл келісімді екі елдің парламенттері де ратификациялаған.

Ыстықкөлдегі 4 курорттық-рекреациялық нысан туралы: "Қазақстан" санаторийі, "Самал" демалыс үйі, "Университет" спорттық-сауықтыру лагері және "Олимп" спорттық-сауықтыру орталығы. Хаттамалар қазақстандық тараптың мынадай міндеттемелерін бекітеді:

• "Қазақстан" санаторийін 4 жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізу (нысан ҚР Президенті Іс басқармасының қарамағында);

• "Самал" мен "Университетті" 3 жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізу (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты);

• "Олимпті" жұлдыз санатына байламай, спорттық бағытын ескере отырып дамыту (ҚР Туризм және спорт министрлігі жауапты);

• Міндеттемелерді орындау мерзімі – барлық ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталған сәттен бастап 5 жыл.

Келісім Қазақстанға осы курорттық объектілер тұрған жер телімдерін меншікке емес, тек 49 жыл мерзімге ғана уақытша пайдалануға беруді қарастырады, жер Қырғызстанның меншігінде қала береді.