Қазақстанда БҰҰ жол қауіпсіздігі бойынша халықаралық науқан бастады
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының #MakeASafetyStatement жаһандық ақпараттық науқанына қосылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы 3 сәуірден бастап Астана және Алматы қалаларында RTSDecaux компаниясының жарнамалық нысандарында науқан материалдары орналастырылған. Науқанға Новак Джокович, Жан Рено, Майкл Фассбендер және Мишель Йео сияқты әлемге танымал тұлғалар қатысып, жол қауіпсіздігі бойынша негізгі хабарламаларды кең аудиторияға жеткізуде. Жоба әлемнің 80-нен астам елін және 1000-нан астам қаласын қамтыған. Қазақстан бұл бастамаға қосылу арқылы жол қауіпсіздігін ілгерілетуге бағытталған ауқымды халықаралық күш-жігердің бір бөлігіне айналды.
Науқан БҰҰ Бас хатшысының жол қауіпсіздігі жөніндегі Арнайы өкілінің кеңсесі, JCDecaux және Saatchi & Saatchi серіктестігімен жүзеге асырылуда. Ол қоғам қайраткерлерін, шешім қабылдаушыларды және пікір көшбасшыларын жол қауіпсіздігі бойынша жеке жауапкершілік алуға шақырады. Сонымен қатар қарапайым әрі ғылыми дәлелдерге негізделген мінез-құлық үлгілерін насихаттайды.
Жол-көлік жарақаттары әлемде өзекті мәселе болып қалып отыр. Жыл сайын шамамен 1,19 миллион адам жол апаттарынан көз жұмады. Қазақстанда осы кезге дейін 36 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 796 адам қаза тапқан.
Науқанды қолдайтын тұлғалар қатарында Дидье Дрогба, Патрик Демпси, Шарль Леклер, Марк Маркес, Кайли Миноуг және Юссу Н’Дур бар. Жалпы алғанда, 16 әлемдік танымал тұлға мен Олимпиада чемпиондары науқанның хабарламаларын БҰҰ-ның алты ресми тілінде таратуда. Жоба 2030 жылға дейін жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім мен жарақаттарды екі есеге қысқартуды көздейтін БҰҰ Жол қауіпсіздігі жөніндегі іс-қимыл онжылдығы мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.







