Үкімет, энергетика министрлігі, "Қазмұнайгаз" және "Қазақгаз" кінәлі: Тоқаев елдегі тәртіпсіздіктер туралы
251
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Президент кеңеске қатысушыларға премьер-министр Асқар Маминнің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін хабарлады. Мемлекет басшысы оның өтінішін қабылдады. ҚР Конституциясына сәйкес премьер-министрдің қызметтен босатылуы бүкіл үкіметтің өкілеттігін тоқтатқанын білдіреді. Үкімет мүшелері жаңа құрам жасақталғанша, өз міндеттерін атқара береді. Премьер-министрдің міндетін атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.“Бұл ел Үкіметінің келесі құрамының және министрлер кабинетінің жаңа басшысының ең басты міндеті болады”, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға, құқық қорғау органдарына және Маңғыстау облысының әкіміне жағдайды тұрақтандыру жұмыстары үшін алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ "Қазмұнайгаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.
Президент өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы "Қазақ газ өңдеу зауыты" базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алды.
“Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған”, – деді президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы реформалауға қатысты жүйелі әдістің жоқ екенін атап өтті.
“Ешкім өзін үнемі шығынға ұшырата бермейтінін түсіну маңызды. Еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз, тіпті газсыз қалуы да мүмкін. Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардан басқа жол жоқ. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керек”, – деді мемлекет басшысы.