"Қырғи-қабақ соғыс" кезінде де БҰҰ бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді - Тоқаев
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дохада өтіп жатқан Қатар экономикалық форумының "In Conversation with President Tokayev" арнайы панельдік сессияға қатысты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясаттағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуропада болып жатқан геосаяси текетірестер аясында Ресей-Украина қақтығыстары төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.
Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешу жолдарына қатысты сұраққа жауап берген Қазақстан Президенті келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қауқарсыздық танытып отырғанына тоқталды.
Сонымен қатар Президент Ресейге салынған ауыр санкциялық саясат салдарынан Қазақстан қандай экономикалық зардап шегуі мүмкін деген модератордың сұрақтарына жауап берді.
Ашық әңгіме барысында әлемдік энергетика нарығында қалыптасқан қазіргі жағдайға, халықаралық сауда мәселесіне байланысты ғаламдық сын-қатерлер де талқыланды.