Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапарының бағдарламасы мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құраммен өткен келіссөзімен жалғасты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Қазақстан Президенті Бакуға шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін тағы да ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанда Президент Ильхам Әлиевтің басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жоғары бағалады.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың қолайлы перспективаларына назар аударды.
Ильхам Әлиев Қазақстан Президентіне Әзербайжанға келуге шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.
Әзербайжан басшысы бүгін екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.
Сонымен қатар Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті азаматы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілгенін еске салды. Ол бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас табысты дамитынына сенім білдірді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды.
Сондай-ақ Мемлекеттер басшылары БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Қазақстан Президентінің Бакуге ресми сапары барысында келесі құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация.
2. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтамақтастық туралы келісім.
4. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2024 жж. арналған Ынтымақтастық жоспары.
5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама.
6. Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттама.
7. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Медианы дамыту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
8. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасында ақпараттық-коммуникациялық және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
9. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.
10. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы транзиттік жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.