Кинолардың 90 пайызы қазір ақша үшін түсіріледі – Еркебұлан Тоқтар
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Белгілі актер әрі спортшы, медиатұлға Еркебұлан Тоқтар не үшін киноға түспей кеткенін түсіндірді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Актер киноға түспей кеткеніне біржарым жыл болғанын айтты.
“Неге? Өйткені кино түсер талабым жоқ. Шындықты бетке айта салатын болсам, киноның 90 пайызы әшейін “касса істеп” алу үшін ғана түсіріліп жатыр. Басқа ешқандай мән-мағына, адам көретін күшті кино түсірейікші деген жоқтың қасы. 17 күннің ішінде түсірілетін кинодан алатын ақшаң менің әшейін екі рилс салып табатын ақшаммен тең. 17 күн сені пайдаланады. Кино шығатын кезде “Еркебұлан жарнама салу керек еді” деп, жарнама салдырады, қалалар аралатады, халыққа “келіңдерші” деп жалындырады. Өйтіп жалынатын киноға түспей-ақ қойдым”, – дейді Еркебұлан Тоқтар.
Еркебұлан Тоқтар – актер және аралас жекпе-жек спортшысы. Көрерменге «Бишарашки», «Женатый холостяк» фильмдеріндегі рөлдері арқылы танылған. Сондай-ақ «Замандастар» сериалына түсіп, «Арлан» спорттық драмасында басты кейіпкерді сомдаған.
Ол шығармашылықпен қатар кәсіби спортпен де айналысады. 2021 жылдан бері аралас жекпе-жек жарыстарына қатысып, OCTAGON лигасында өнер көрсетіп келеді. Жекпе-жек жанкүйерлері арасында «Актер» лақап атымен танымал. Бұдан бөлек, кәсіпқой бокста да жақсы нәтиже көрсеткен.
Қаз
Рус






