«Жабылып қалуымыз мүмкін»: жекеменшік балабақша иелері алаңдаулы
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Жекеменшік балабақша иелері келер жылдан бастап енгізілетін лицензиялау талаптарына алаңдап отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір шарттарды орындау қиын, ал рұқсат құжатын ала алмаған мекемелер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Кәсіпкерлер лицензиялау тәртібін қолдайтынын, бірақ жаңа талаптардың іс жүзінде қаншалықты орындалатынын ескеру қажет екенін айтады. Оларды әсіресе балабақша орналасқан нысанның нысаналы мақсаты мен қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары толғандырып отыр.
“Біз лицензиялауға мүлде қарсы емеспіз. Керісінше, қолдаймыз. Балабақшаларда тәртіп болғанын қалаймыз. Бірақ қазір нысанның нысаналы мақсатына қатысты мәселеге тап болдық. Екінші мәселе – біліктілік талаптары”, – дейді кәсіпкер Майра Байдубекова.
2027 жылғы қаңтардан бастап күшіне енуге тиіс ережелерге сәйкес, тәрбиешілердің педагогикалық білімі ғана емес, біліктілік санаты да болуы керек. Ал оны алу үшін белгілі бір жұмыс тәжірибесі мен еңбек өтілі қажет.
Балабақша иелерінің сөзінше, жұмысқа орналасуға көбіне колледжді немесе жоғары оқу орнын жаңадан бітірген мамандар келеді. Кәсіби жолын енді бастаған түлектердің санат алуға жеткілікті еңбек өтілі болмайды. Сондықтан кәсіпкерлер бұл талап жас мамандарды қызметке қабылдауды қиындатады деп есептейді.
Жаңа ереже бойынша, барлық мектепке дейінгі ұйымда ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау міндеттеледі. Бұл үшін, мәселен, есік ойықтарын кеңейтіп, ғимаратты бейімдеу қажет болуы мүмкін.
Алайда жалға алынған нысанда жұмыс істейтін балабақшалар үшін мұндай өзгерістер енгізу оңай емес. Өйткені ғимарат иесі оны қайта жабдықтауға келіспеуі мүмкін. Кәсіпкерлер өздеріне тікелей байланысты емес осындай мәселелер лицензия алуға кедергі болады деп алаңдайды.
Ал талаптарды әзірлеп жатқан Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі ұйымдардың жаппай жабылуына негіз жоқ деп санайды. Ведомство мәліметінше, лицензиялауға көшу бірден жүзеге аспайды. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2029 жылдың соңына дейін жалғасады.
“Алдын ала талдауымызға сәйкес, бүгінде балабақшалардың 52%-ы бұл рәсімнен өтуге дайын. Қалғандары ішінара дайын, қазір әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кезең-кезеңімен көшу оларға осы аралықта толық дайындалып, рәсімнен өтуге мүмкіндік беру үшін қарастырылған", – деді министрлік өкілі Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Құралай Әбеуова.
Қаз
Рус






