Қызылордада 14 жастағы жасөспірім қатарласының қолынан қаза тапты
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қызылордада кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Марқұмның туысының айтуынша, қайғылы оқиғаға 1000 теңгеге байланысты туындаған жанжал себеп болуы мүмкін.
Туыстарының мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында болған. Бұл туралы марқұмның әпкесі Threads әлеуметтік желісінде жазған.
Оның айтуынша, жасөспірім мен 13 жастағы танысының арасында жанжал туындаған. Дауға 1000 теңге себеп болуы мүмкін. Жанжал кезінде қатысушылардың бірі жасөспірімнің кеуде тұсына бұрауыш сұғып алған. Алған жарақаты салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған.
Сонымен қатар марқұмның әпкесі бұл оқиғаға бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін екенін айтады.
Айта кетейік, жанжалдың нақты себебі мен оқиғаның мән-жайы әлі ресми түрде расталған жоқ.
Қызылорда облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Аталған дерек бойынша “абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Сонымен қатар тергеу аясында “кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау” дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелген. Полиция бұл іс кімге қатысты қозғалғанын нақтыламады.
Қызылорда облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеуді ерекше бақылауға алғанын мәлімдеген.
Қазір құқық қорғау органдары жанжалдың себептерін, оқиғаның қалай өрбігенін және жасөспірімнің өліміне әкеп соққан мән-жайларды анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланған жоқ.
Қаз
Рус






