Тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіледі

106

Тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіледі,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 


Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау, бәсекелестікті қорғау мен дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу мақсатында, оның ішінде:

- экономикалық шоғырлануды реттеу;

- бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың белгілерін қарау кезінде нарық субъектісінің үстем үлесін айқындау;

- мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын белгілеу жағдайларында жүргізіледі.


Бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу үшін тауар нарықтарын іріктеуді жүзеге асырудың мақсаттары:бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу үшін тауар нарықтарын іріктеудің басымдылығын айқындау және бәсекелестікті қорғау және дамыту, оның ішінде монополистік қызметтің алдын алу және жолын кесу бойынша жүргізілетін жұмыстың тиімділігін арттыру болып табылады.

Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау 8 кезеңнен тұрады:

1) тауарлардың өзара алмастырылу өлшемшарттарын айқындау;

Нақ сол бір тауар нарығында айналатын, алмастырушысы немесе бірін-бірі өзара алмастыру тауарлары жоқ тауарды бірін-бірі өзара алмастыру өлшемшарттарын айқындау рәсімі: тауардың атауын айқындау,сатып алушының таңдауын айқындайтын тауардың қасиеттерін және осы тауар үшін әлеуетті бірін-бірі өзара алмастыратын болып табылатын тауарларды айқындау, бірін-бірі өзара алмастыратын тауарларды айқындауды қамтиды.

2) тауар нарығының шекараларын айқындау;

Тауар нарығының шекаралары, егер оны осы аумақтан тысқары жерлерде сатып алу экономикалық, технологиялық және басқа да себептер бойынша орынсыз болса, тұтынушылар тауарды немесе бiрiн-бiрi өзара алмастыратын тауарды сатып алатын аумақты айқындайды.

3) тауар нарығын зерттеудің уақыт аралығын айқындау;

Тауар нарығын зерттеудің уақыт аралығы зерттеу мақсатына, тауар нарығының ерекшеліктеріне және ақпаратқа қол жеткізуге байланысты айқындалады.

4) тауар нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын айқындау;

Тауар нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамына белгілі бір уақыт аралығы шегінде оның шекараларында қаралатын тауарды өткізетін барлық нарық субъектілері кіреді.

5) тауар нарығының көлемі мен нарық субъектілерінің үлестерін есептеу;

Қаралатын нарық шекара шегіндегі уақыттың белгілі бір кезеңіндегі тауар нарығы көлемінің есебі (бұдан әрі – тауар нарығының жалпы көлемі) тауарды немесе бірін-бірі өзара алмастыратын тауарларды әкелу мен әкету көлемдерін ескере отырып, нарық субъектілерінің тауарды немесе бірін-бірі өзара алмастыратын тауарларды заттай немесе құндық көрсеткіштерде өткізу сомасы ретінде айқындалады.

6) тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін бағалау;

Нарықтың шоғырлану коэффициенті, нарық шоғырлануының индексі айқындалады.

7) тауар нарығына кіру тосқауылдарын айқындау;

Тауар нарығында қызметті бастауға нарық субъектілеріне кедергі келтіретін немесе қиындық тудыратын және шектейтін мән-жайлар немесе іс-әрекеттер айқындалады.

8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілетін тұжырымдар бөлімінде жалпы ережелер, зерттеудің уақыт аралығы, тауар нарығының шекарасы, қаралып отырған тауар нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамы, нарықтың көлемі және нарық субъектілерінің үлесі, нарық шоғырлануының деңгейі, нарыққа кіру тосқауылдары, тауар нарығында бәсекелестіктің жай-күйін бағалау, қаралып отырған тауар нарығында бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұсынымдарқамтылады.


Д. Тлепбаева

Қазақстан Республикасы  Бәсекелестікті 

қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда 

облысы бойынша департаменті 

Бәсекелестікті дамыту бөлімі