Аула сыпырушы ағаш кесемін деп мүгедек болып қалған
Атырау облысында биік ағаштан құлап, мүгедек болып қалған аула сыпырушы аймақ басшысынан көмек сұрайды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Себебі аудандық әкімдікте жұмыс істеген зейнеткер басшылықтың тапсырмасымен шіріген бұтақты кесіп, жерге құлаған екен. Төсек тартып, еңбекке жарамсыз болып қалған Сыналбек Дошановтың туыстары шенеуніктер қолымызға 80 мың теңге ғана ұстатты деп ашынады. Алайда бұл қаражат ем тұрмақ, дәрі-дәрмекке де жетпеген.
63 жастағы қарияның төсек тартып жатқанына бір жылдан асқан. Бел омыртқасы зақымданған зейнеткердің қозғалуы қиын. Тіпті басынан соққы алып, сөйлей алмайтын халге жеткен. Ұзақ жыл әкімдікте қара жұмыс істеген азаматтың енді ешкімге керексіз болып қалғаны жақындарының жанына батады.
Сыналбек Дошанов аудандық әкімдікте аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Былтыр 22 қаңтарда басшылықтың тапсырмасымен ағаш кесуге барып, биіктен құлаған. Өндірістік жарақат алғанын дәлелдесе де, шенеуніктер өтемақы төлемепті. Сондықтан сотқа беруге мәжбүр болыпты.
Еңбек инспекциясы комиссия құрып, тексеріс жүргізген. Қорытындысы бойынша жұмыс беруші тараптан талай заңсыздықтарды анықтаған.
Әкімдік өкілдері жұмысшыға қолдан келген көмекті көрсеттік дейді. Енді тараптар бұл мәселені сотта шешпек.
Қаз
Рус






