"Үш перзентімізден айырылдық": Танымал боксшы Сәкен Бибосынов ұлды болды

2 500

Фото: Instagram/sakenbibosinovБокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов отбасындағы қуанышты жаңалығын бөлісті. Спортшы жұбайымен бірге көптен күткен ұлдарының дүниеге келгенін айтты, - деп хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, әке атану бақытына жеткенше жұбайымен бірге талай қиындықты бастан өткергенін жеткізді.

“Аллаға шүкір, біз ұлды болдық! Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен. Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық. Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар”, – деп жазды спортшы.

Сәкен Бибосыновтың айтуынша, ерлі-зайыпты ауыр қайғыдан кейін де үмітін үзбей, сәби сүюді армандаған.

Олар қиын сәттерде бір-біріне демеу болып, Жаратқаннан перзент тілеген.

“Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық. Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей. Алланың қалауымен ұлды болдық!” – деді боксшы.

Спортшы жаңа туған сәбиінің өмірге келуі отбасы үшін ерекше қуаныш екенін айтып, бұрынғы перзенттерінің орны жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

“Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби – талай көз жастан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт. Біз өткенді ұмытпаймыз. Жүрегімізде үш перзентіміздің де орны мәңгілік. Өмір деген осы шығар… Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ әлем чемпионы ұлының дені сау, ғұмыры ұзақ болуын тілеп, перзент аңсап жүрген барлық отбасына сәби сүю бақыты бұйырсын деген ниетін білдірді.

Айта кетейік, Сәкен Бибосынов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.