Оқушыны тәрбиелеу міндетін орындамаған мұғалімге қылмыстық жазалау шарасы енгізілмек

2 553

Фото: ашық дерек көзіПедагогтердің жауапкершілігіне қойылатын талаптар қатаңдатылмақ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Педагогтерді іріктеуге қойылатын талаптарды арттыру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Заңда бірқатар шектеу қарастырылған. Мәселен, сот үкіміне сәйкес педагог қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған, психиатриялық, наркологиялық есепте тұрған, соттылығы бар және тағы басқа психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (аурулары) бар адамдар педагогикалық жұмысқа қабылданбайды. Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында педагог кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазалау шаралары (екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшердегі айыппұл, түзеу жұмыстары, екі жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру) енгізіледі. Педагогтердің жауапкершілігіне қойылатын талаптарды қатаңдату білім беру ұйымдарындағы балаларды барынша қорғауға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.


Премьер-Министрдің атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қоғамдық ұйымдардың, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен қазақстандық білім беру сапасын арттыру үшін «Баршаға қолжетімді сапалы білім беру» Ұлттық баяндамасының жобасы әзірленді.


«Жалпы, ол білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін енгізе отырып, білім берудің барлық деңгейінің сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі шараларды көздейді. Қазіргі уақытта Ұлттық баяндаманы іске асыру үшін барлық өңірлерде мектептер бөлінісінде білім беру сапасын арттыру бойынша Жол карталары дайындалды», - деді Әлихан Смайылов.