МӘМС-ке осы жылы 823,2 млрд теңге жарналар мен аударымдар түскен

214

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында медициналық сақтандыру үшін кімдерден көп төлем түскеніні жөнінде хабарлады. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 823,2 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан 31 қазанға дейін МӘМС-ке 823,2 млрд. теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті.  Олардың басым бөлігі мемлекеттен аударылған төлемдер. Аталған кезеңде жеңілдік санатына кіретін 11 млн. азамат үшін төленген жарналар шамамен 300,9 млрд. теңгені құрады.


Жұмыс берушілер - төлем жасау бойынша екінші орында. Олар аталған кезеңдер үшін аударымдар түрінде 293,7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді.  


Жалдамалы жұмысшылар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек етіп жүргендер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және дербес төлеушілер жалпы алғанда 227,8 млрд. теңге жарна төледі. Демек, 10 айдың қорытындысы бойынша елімізде 16,2 млн-нан астам сақтандырылған азамат бар, яғни, бұл халықтың 82,1 пайызын құрайды. Бұл ретте Қор өкілдері атап өткендей, сақтандыру мәртебесін алуға алдағы 12 ай үшін төлем жасау механизмін 6 мыңнан астам азамат пайдаланды. 


Қор барлық жарналар мен аударымдар ҚР Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түсетінін еске салды. Сол жерден қаржы сақтандырылған азаматтарға көрсетілген қызмет ақысын төлеуге жіберіледі.


Сақтандырудың жаңа әдісі қандай?


Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 5-қыркүйегінен бастап МӘМС жарналарын төлеудің жаңа тетігі – алдағы 12 айға төлем жасау механизмі іске қосылды. Бұрын өткен 12 ай үшін жарналар төленуі керек еді. Қазір жаңа әдісті таңдасаңыз, өткен жылы төленбеген кезеңдерді төлемеуге болады.  


Мәртебе мен төлемдерді тексеру әдісі


Алдағы жылға сақтандыру мәртебесін беру және төлемдердің бар-жоғы туралы ақпаратты сақтандыру  мәртебесі тексерілетін келесі тәсілдермен алуға болады – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Қордың fms.kz ресми сайты арқылы немесе SaqtandyrýBot Telegram арнасы арқылы. 


Төлемдер мен мәртебе туралы ресми құжатты eGov.kz электрондық үкімет порталынан «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы алуға болады.