235 мың елордалық МӘМС жүйесімен қамтылмаған
Қазіргі уақытта Астана қаласы тұрғындарының 82,2%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары, ал сақтандырылмағандар үлесі – 17,8%, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2023 жылдың 31 қаңтарындағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны - 1 083 876. Әлі 235 005 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
2023 жылдың қаңтар айында МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған Астана қаласы тұрғындарының үлесін бөліп қарастырсақ: соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдар – 59%; жұмыскерлер – 26%; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 5%; жеке кәсіпкерлер – 5%; дербес төлеушілер – 3%; БЖТ төлеушілер – 2 %; тағы басқалары – 0,2%.
«Қор медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту бағытында жұмыстар жүргізуде. Қазір елорда тұрғындарының 82,2%-ы жүйеде сақтандырылған. Яғни, кез келген уақытта, қажет болған жағдайда, олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, жүйеден тыс қалған 235 мың азамат бар. Олар қандай да бір, түрлі себептермен жүйеден шығып қалған.
Әйтсе де, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады», - деп түсіндірді Медсақтандыру қорының елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айта кетейік, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.
Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.
«Әлі 235 мың астаналық қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз» - деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.