Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру Қоры облыстық филиалы: Сақтандыру не үшін маңызды?
Елорданың 230 091 тұрғыны МӘМС жүйесімен қамтылмаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Астана қаласы тұрғындарының 82,6%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары, ал сақтандырылмағандар үлесі – 17,4%, өткен айлармен салыстырғанда сақтандырылмағандар көрсеткіші азайған. 2023 жылдың 28 ақпанындағы мәлімет бойынша Астана қаласындағы сақтандырылған тұрғындар саны – 1 090 499.
Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады.
Әйтсе де, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады.
Астана қаласы бойынша сақтандырылмаған тұрғындар үлесін сараптағанда, 2023 жылдың ақпан айында МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтарды бөліп қарастырғанда:
• Соңғы 12 айда төлем жасамағандар - 59%;
• Жұмыскерлер - 26%
• Жеке кәсіпкерлер – 4,7%;
• Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер – 4,4%;
• Дербес төлеушілер – 3%;
• Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер – 2%;
• Басқалары – 0,2%.
Олар не үшін сақтандырылмаған?
Жалдамалы жұмыскерлер
Егер сіз жұмыскер болсаңыз, онда Сізге EGOV.KZ электронды үкімет порталына кіріп, «Медициналық қызметтерді пайдалану туралы және МӘМС жүйесіне төленген аударымдар мен (немесе) жарналар туралы мәлімет беру» деп аталатын онлайн-қызмет арқылы жұмыс берушінің ай сайын аударып отырған аударымдары жайлы ақпарат алуға болады.
Мысалы:
• ӘМСҚ елордадағы филиалы Қайрат есімді азамат келді. Ол кәсіпорында 2021 жылдан бері еңбек етеді екен. Жұмыс беруші ай сайын оның айлығынан салықтармен қатар МӘМС жарнасын да ұстап, төлеп отырады. Сәйкесінше, ол «сақтандырылған» болуы тиіс еді. Бірақ қандай да бір себептерге байланысты есепші 2022 жылы 3 айдың (сәуір, мамыр, маусым) ақшасын аудармаған. Сол себепті оның мәртебесі сақтандырылмаған болып шықты. МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер қолжетімді болу үшін, жұмыс беруші төленбеген айлардың қарызын аудуруы қажет.
• (Екінші жағдай). Осы жылдың наурыз айында Жадыра есімді пациент кеңес алуға келді. Ол жұмысқа 2022 жылдың шілде айынан бастап орналасқан. Сол кезден бастап жұмыс беруші оның атына тұрақты түрде жарна аударады. Бірақ мәртебесін тексерген кезде ол өзінің сақтандырылмағанын біледі. Оның себебі, Жадыра жұмысқа орналасқанға дейінгі сақтандыру жарнасын төлемеген. Оған төленбеген аралықтағы жарнаны төлеу керек. МӘМС жүйесіне қосылу үшін соңғы 12 айдың төлемі болуы шарт, яғни, ол 2022 жылдың наурыз-маусым айлары аралығындағы қарызын дербес төлеуші ретінде КПН 122 бойынша өтеуі тиіс.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер:
Бұл санатқа жататын азаматтар да МӘМС жүйесіндегі мәртебесін өздері бақылап отыруы тиіс. Себебі салық агенті олардан қызмет көрсетілген айлар үшін ғана жарна ұстайды.
Мысалы:
• Асхат 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында АҚК бойынша қызмет көрсеткен. Осы уақыт аралығында салық агенті оның жалақысынан 2% ұстап, Қорға аударып отырады. Жұмыс істемеген аралықта (яғни, қазан 2022ж.- наурыз 2023ж.) ол жарнаны, соңғы 12 айға, өз бетінше дербес төлеуші ретінде аударуы тиіс. Сонда оның мәртебесі сақтандырылған болады және МӘМС жүйесінде медициналық көмек ала алады.
Жеке кәсіпкерлер:
Көптеген жеке кәсіпкерлер егер ЖК ретінде табысы болмаса, онда МӘМС жарнасын аударудың қажеті жоқ деп есептейді. Бұл – қатер пікідұрыс емес.
Жеке кәсіпкер табыс таппаса да, МӘМС жарнасы мен аударымдарын төлеуге міндетті (ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 есе көрсеткішінің 5%). Егер жеке кәсіпкер ешқандай табыс таппайтын болса, ЖК жұмысын ресми түрде тоқтату қажет, сонда кәсіпкер МӘМС жарнасын төлеу міндетінен босатылады.
БЖТ төлеушілер:
Елімізде 2019 жылдан бастап Бірыңғай жиынтық төлем енгізілген болатын. Ол:
• Жеке табыс салығы;
• Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын әлеуметтік төлем;
• БЖЗҚ зейнетақы төлемдері;
• Міндетті медициналық сақтандыру төлемдерінен тұрады.
Бірыңғай жиынтық төлем Салық кодексі арқылы реттеледі. Кодекске сәйкес, БЖТ әр айдың басында төленуі тиіс және төлем сол айдың соңына дейін ғана жарамды.
Мысалы:
• Жақында ӘМСҚ елорда филианың қабылдауында зейнеталды жасындағы әйел адам болды, ол БЖТ төлейді. Наурыз айында емханаға барғанда, өзінің мәртебесінің сақтандырылмағанын білген. Себебі – ол соңғы рет БЖТ-ны ақпан айы үшін төлеген. Сақтандырылған болуы үшін ол осы жылдың наурыз айына БЖТ төлеуі қажет.
Мәліметтерге сүйенсек, Астанада бірде-бір рет сақтандыру жарнасын төлемеген азаматтар да бар. МӘМС пакетіндегі қызметтерді, соның ішінде бағасы қымбат медициналық қызмет түрлерін пайдалану үшін, олардың МӘМС жарналарын төлегені жөн. Ол үшін төлем түрін таңдауы қажет:
1. Егер азамат алдағы уақыттағы болуы мүмкін қажеттіліктер үшін сақтандырылғысы келсе, ай сайын 3450 теңге мөлшерінде Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлесе болады. БЖТ өткен айларға төлей алмайды, сондықтан ағымдағы айдан бастап үздіксіз 3 айға төлесе, үшінші айда «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.
2. Егер пациентке жуық арада МӘМС пакетіндегі қызмет қажет болса, онда өз бетінше дербес төлеуші ретінде өткен 12 айдың әр айына 3500 теңгеден төлейді.
Естеріңізге саламыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.
Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.
Мысалы:
Егер дірбес төлеуші ретінде төлем жасар кезде 2023 жылдың наурыз айы болса , алдағы 12 айға (наурыз 2023ж - ақпан 2024ж) жарна төлеуі керек.
Егер қандайда бір сұрақтар туындаса, Медициналық сақтандыру қорына төменде көрсетілген кері байланыстың ресми арналары арқылы хабарласуға болады:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
@saqtandyrybot телеграмботы
1406 байланыс орталығы
Қордың fms.kz сайты.
Сарапшылар сізге ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу бойынша кеңес береді, мәртебе мен төлем бойынша ақпаратты тексереді, қажет болған жағдайда мәселені шешуге медициналық ұйымның сарапшыларын жұмылдырады.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ
Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі