Вакцина қабылдар алдында қандай дәрі ішуге болмайды
Коронавирусқа қарсы вакциналауға дейін немесе кейін аллергияға қарсы препараттар антиденелердің қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Ресейдің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы бақылау қызметінің мамандары мәлімдеді.
Бүгінде кейбір адамдар вакцинадан кейін дене қызуы мен екпе қойылған жердің ауырсынуы сияқты реакциядан құтылу үшін гистаминге қарсы препараттарды қабылдап жатады. Алайда соңғы зерттеуге сәйкес, ондай препараттардың пайдасынан гөрі зияны басым.
"Жақында жасалған зерттеу гистаминге қарсы препараттардың вакцинациядан кейінгі иммунитеттің қалыптасуына кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетті", - дейді мамандар.
Алайда адамда аллергиялық анамнез болса, сондай-ақ ол гистаминге қарсы препараттарды дәрігердің өзі жазып берген жағдайда вакцинаға қарамай, қабылдай беру керек.
"Егер пациент дәрігердің нұсқауы бойынша аллергияға қарсы препараттарды күнде қабылдап жүрсе, онда коронавирусқа қарсы екпе салдырамын деп, ол дәрілерді қабылдауды тоқтатудың қажеті жоқ", - дейді мамандар.
Айта кетейік, бұған дейін ғалымдар коронавируспен ауырғаннан кейін вакцина салдырған адамдардың иммунитеті 50 есеге күшті болатынын мәлімдеген. Ал екпе қабылдамағандар вирусты екінші рет жұқтыруы әбден мүмкін, әсіресе мутацияға ұшыраған вирус тез жұғады. Сосын коронавируспен ауырмаған және вакцина салдырмаған адамдар да қауіпті топқа кіреді. Себебі олардың ағзасына вирус бірде-бір рет түспеген, антиденелер бөлінбеді, жасушалар да жаңа вирусқа қарсы реакция жасап көрмеген.