1 маусымнан бастап МӘМС бойынша кеңес 1414 арқылы беріледі

1 726

Қазақстандықтар маусым айынан бастап медициналық сақтандыру және медқызметке қатысты кеңестерді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы ала алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бұған дейін бұл қызметті Медициналық сақтандыру қоры жанындағы 1406 байланыс орталығы атқарып келген болатын.


МӘМС Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, бұл шара халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтіп, оператор аздығынан жауап берілмей қалған қоңыраулар санын қысқарту мақсатында қолға алынып отыр.


«Бұған дейін тұрғындар 1406 нөміріне хабарласып, медициналық сақтандыру, денсаулық сақтауға қатысты тегін консультация ала алатын. Сонымен қатар, медициналық көмек сапасына қатысты өтініш-шағымдар да осы байланыс арнасы арқылы қабылданып келді. 1-маусымнан бастап бұл қызметті 1414 байланыс орталығы көрсете бастайды», - деді Тілеухан Әбілдаев.


Филиал директорының сөзінше, ондағы операторлар штаты үлкен және орталықтың техникалық мүмкіндіктері жоғары. Орталықтың бір уақытта көптеген қоңырауларды қабылдауға мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде абоненттердің оператор жауабын күтуге кететін уақытын бірнеше минуттан бір минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.


Өтініштерді бұрынғыша Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-бот (@SaqtandyrýBot) пен ресми веб-сайты арқылы да жолдауға болады.


Айта кетейік, 1414 операторлары күн сайын сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.