Дәрігерлер робот-ассистенттің көмегімен 5 пациентке ота жасады
Астанада Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТО дәрігерлері робот-ассистенттің көмегімен бес пациентке ерекше операция жасады. Оларға МӘМС аясында құны екі млн теңгеге жуық ота жасалды, - деп хабарлайды, "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Академик Н.Ж. Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығында 5 пациентке роботпен тізе ауыстыру бойынша күрделі операция жасалды. Эндопротездеудің идеясы – адамның зақымдалған буынын жасанды имплантпен алмастыру. Зақымдалған аймақтың 3D сканерлеуінің арқасында робот көмекшісі пациенттердің буынына барлық параметрді математикалық тұрғыдан мінсіз есептей отырып имплант қоюға мүмкіндік берді. Операциялар IT мамандарының қатысуымен компьютерлік навигация арқылы жасалды.
Қазіргі уақытта пациенттер оңалтудың 1 кезеңінен өтіп жатыр. Бір жарым айдан кейін олар орталықта қайта оңалтудан немесе тұрғылықты жері бойынша оңалтудың келесі кезеңдерінен өтуі мүмкін. Оңалту құны – 380 мың теңге, операция құны – шамамен 2 миллион теңге. Пациенттерге арналған операциялар да, оңалту іс-шаралары да МӘМС жүйесінде жүргізіледі.