Қазақстандық ғалым көз ауруын емдейтін дәрі ойлап тапты
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, PhD Гузель Абилова Ұлыбританиядағы Рединг университетінің Химия, өнімдер және фармация мектебінің профессоры Виталий Хуторянскиймен бірлесе көз ауруын емдеудің тиімді әдісін ойлап тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ғалым бірнеше жылдық зерттеулерінің нәтижесінде көзге арналған линзаға ұқсас өте жұқа полимерлі дәрілік пленкалар жасап шыққан.
Сонымен қатар полимерлі көз пленкалары көзге арналған тамшылардың негізгі кемшіліктерін жоюға мүмкіндік бермек. Көзге арналған тамшылардың емдік мерзімі қысқа болады. Көбіне тамшылар көз жасымен қоса немесе басқа да түрлі себептермен сыртқа шығып кетеді. Ал бұл жасаған полимерлі пленка көз жасымен байланысқа түскен кезде бірте-бірте еріп, препарат ұзақ уақыт бойы көз ішінде сақталады. Импортталған фармацевтикалық нарықта полимерлерге негізделген көз дәрі-дәрмектерінің түрлері бар. Жұбановтық ғалым жасаған көзге арналған дәрілік пленкалар бактериалды этиологияның көз ауруларын емдеуге арналған. Яғни бұл микробқа қарсы препараттардан, атап айтқанда, ципрофлоксацинмен әсер ететін антибиотиктен әзірленген.
Полимер негізінде жасалған дәрілік форма босатылған дәрілік препараттың мөлшерін реттеуге мүмкіндік береді. Дайындалған көз пленкалары 6-8 сағатқа дейін емдік әсерін бере алады. Алдағы уақытта ғалым дәрі-дәрмектің әсер ету уақытын мүмкіндігінше ұзақ уақытқа арттырудың әдіс-тәсілдерін анықтауды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, Гузель Қабілетқызының «Жергілікті дәрі-дәрмектерді жеткізуге арналған функционалды биополимерлер негізінде пленкалы дәрілік формалар» тақырыбындағы жобасы 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» конкурсында гранттық қаржыландыруға ие болды.