Дәрігерлер жалақының аздығына наразы
Атыраудағы №2 облыстық аурухананың дәрігерлері мен санитарлары жалақының төмендігіне байланысты наразылық білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ақ халаттылардың айтуынша, ай сайынғы еңбекақы 200 мың теңгеден аспайды, ал ол күнделікті тұрмысқа жеткіліксіз дейді. Кейбір жұмысшылар тіпті азық-түлікті қарызға алуға мәжбүр екендіктерінде жасырмады.
Атырау облыстық инфекциялық аурухананың қызметкері Бақыт Құшланова:
"Еңбекақымыз былтырғы жылмен салыстырғанда төмен. Кезекті еңбек демалысында 250 мың теңге төлейді. Көп ер азамат бірнеше жұмысты қатар атқарады: жүргізушілік, сантехник қызметін де атқарады. Барлық ауыр жұмысты ер адамдар өз мойнына алады."
Жүргізуші Сансызбай Мақашев айлықтың жеткіліксіз екенін айтты:
"8-10 ауысым жасасақ та, 150 мың теңгеден аспайды. Сыйақы төленбейді, еңбек демалысының ақысы да төмен."
Бас көтерген ақ халаттылардың мәселесін талқылау үшін салаға жауаптылар да ауруханаға келді. Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, маусымдық жағдайға байланысты жұқпалы аурулар көбейіп, қызметкерлерге түсетін жүктеме артқан. Жалақы мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құрылған.
Атырау облыстық инфекциялық аурухана директорының міндетін атқарушысы Нұрбек Үкібаев:
"Ұжым қызметкерлері бойынша еңбекақы келісімшарт пен заңнамаға сәйкес әр айдың соңына дейін төленіп отыр. Еңбек демалысының төлену тәртібі бойынша комиссия құрылды, шешім ұжым алдында ұсынылады және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі."
Дегенмен, бұрын да уәде берілгенімен нәтиже болмағандықтан, қызметкерлерді бұл сөздер жұбата қойған жоқ. Ақ халаттылар жалақыны нақты көтеруді талап етіп отыр.







