Дәрігерлер ауыр жарақаттан кейін науқастың көру қабілетін қайта қалпына келтірген

2 512

Фото: ©gov.kzАлматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері аса күрделі ота жасап, өндірістік ауыр жарақат алған ер адамның көзін сақтап қалып, көру қабілетін ішінара қалпына келтірді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Жарақат өте ауыр болған: көздің ағы мен қасаң қабығы жыртылып, ішкі құрылымдары сыртқа шыққан. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайда көзді сақтап қалу мүмкіндігі өте төмен болады.

«Алғашқы болжам өте қолайсыз еді. Мұндай жағдайда көбіне көздің семуі дамып, оны сақтап қалу мүмкін болмай жатады», – дейді офтальмолог Гүлзат Әбдірайымова.

Соған қарамастан дәрігерлер бар мүмкіндікті пайдаланып, науқастың көзін сақтап қалу үшін күрескен. Ем бірнеше кезең бойынша жүргізіліп, жоғары технологиялық әдістер қолданылған. Алғашқы кезеңде шұғыл хирургиялық көмек көрсетіліп, жарақат тігілген.

 Кейін науқастың жағдайы тұрақтанған соң реконструктивтік ота жасалып, жасанды нұрлы қабық пен көз бұршағы салынған. Бұл үшін арнайы тапсырыспен дайындалған жеке имплант қолданылған. Емдеудің соңғы сатысында қасаң қабықты трансплантациялау отасы жүргізілген. Донорлық материал көп мүшелі донорлық бағдарлама аясында туыстарының келісімімен мәйіттік донордан алынған. Кезең-кезеңімен жүргізілген емнің нәтижесінде дәрігерлер көз алмасын сақтап қана қоймай, көру қабілетін де ішінара қалпына келтіре алған. Қазіргі таңда науқастың көру деңгейі шамамен 10 пайыз. Мұндай ауыр клиникалық жағдайда бұл көрсеткіштің өзі үлкен жетістік.