Алматыда донорлар бір жылда 15 мың литрден астам қан тапсырды
Алматылық донорлар бір жылда 15 мың литрден аса қан тапсырған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Игі іске үлес қоссам дейтін жастардың саны артып келеді. Донорлардың 50 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтар екен. Сонымен қатар тұрақты түрде айына екі рет қан тапсыратын қала тұрғындарының қатары да көбейіп келеді. Алматылық Арман Боханов 13 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді. Соңғы бес жылда орталыққа келіп 50 литр қан берген. Өзгенің өмірін құтқару үшін бастаған әрекеті әдетке айналған. Қазір жылына 24 рет қан тромбоцитін тапсырып тұрады. Ол науқастарға көмектесу арқылы өзімнің де денсаулығымды бақылаймын, дейді.
Қалалық қан орталығына күніне орта есеппен 100 адам келеді. Оның 30 пайызға жуығы денсаулығына байланысты донор бола алмайды екен. Қалған 70 пайыз адамның қаны екі деңгейлі зертханалық сараптама мен тазартудан кейін ауруханаларға жіберіледі. Орталық Алматыдағы 22 мемлекеттік аурухана мен 5 жекеменшік емхананы қамтамасыз етіп отырады.