Әлем бойынша 50 жасқа толмаған онкологиялық науқастар саны көбейген

32

Әлемде 50 жасқа дейінгі адамдар арасындағы онкологиялық аурулардың саны күрт өскен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.


Мәселен, 2019 жылы осы жас тобында қатерлі ісік ауруына шалдығудың 3,26 млн жағдайы тіркелді, бұл 1990 жылмен салыстырғанда 79%-ға көп. Бұл жағдайда мәселе онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім деңгейінің артуы туралы емес, аурудың өзі жайлы болып тұр. Мұндай қорытындыны халықаралық зерттеушілер тобы жасады. Олар өз жұмыстарын BMJ Oncology интернет-басылымында жариялады.


Дегенмен, сарапшылар тұжырым жасауға асықпау керектігін ескертеді, өйткені зерттеушілер халық өсімін (сол кезеңде 40% құрады) есепке алмаған. Сонымен қатар олар диагностика әдістерінің уақыт өте жақсарғанын және онкологиялық аурулар бойынша деректер базасы анағұрлым кеңейгенін толық ескермеген.


Құрамында Қытай, АҚШ және Ұлыбритания ғалымдары бар зерттеу тобы олардың жұмысы негізінде біржақты қорытынды жасаудың қажеті жоқ екенін мойындайды. Сонымен бірге олар артық салмақ, қызыл ет пен тұзды шамадан тыс тұтыну, сондай-ақ физикалық белсенділіктің болмауы мен генетикалық бейімділік сияқты факторлар 14 пен 49 жас аралығындағы адамдардың қатерлі ісікке шалдығуына ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.


Зерттеушілер мәліметіне сәйкес, ас қорыту жүйесі, тері және сүт безінің қатерлі ісігі жиі кездеседі.


2019 жылы жасы 50-ге толмаған миллионнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болды. Ғалымдардың айтуынша, бұл осыдан 30 жыл бұрынғы көрсеткіштен 25%-ға артық. Ал үниежүзілік халық санының өсуін ескеретін болсақ, іс жүзінде онкологиялық аурулардан өлім-жітім саны азайған.


Бұл есеп 200-ден астам елді қамтитын Global Burden of Disease деректер базасына негізделген.


Зерттеушілер қатерлі ісікке шалдығу жағдайлары санының өсуін толық түсіну үшін қосымша жұмыс жүргізу қажет екенін мойындайды. Бірақ қазірдің өзінде адамдарды аурудан сақтап қалу үшін жақсы диагностика мен алдын алу шаралары қажет екенін айтуға болады.


Зерттеуге қатыспаған Лондон университетінің жасушалық биология саласының маманы, профессор Дороти Беннетт тек осы зерттеуге сүйене отырып, біржақты тұжырымдар жасау мүмкін емес деген пікірмен келіседі.