Соңғы екі жылда жұмысымыз айтарлықтай жеделдеді

490
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгенмен кездесті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

ДДҰ Еуропалық бюросы басшысының сапарының мақсаты ДДҰ Еуропалық бюросы мен Қазақстан ынтымақтастығының қорытындысын шығару, сондай-ақ ДДҰ-ның Қазақстандағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі алғашқы демонстрациялық платформасын ашу.

«Бірінші кезекте, Ханс Клюге мырза, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі ретінде сізбен, ДДҰ-ның МСАК жөніндегі кеңсесіндегі біздің әріптестерімізбен жүздескенімізге қуаныштымыз және денсаулық сақтау тарихында алғаш рет ДДҰ-ның МСАК жөніндегі демонстрациялық алаңының ашылуы сияқты маңызды шараға қатысқаныңыз үшін алғыс айтамыз», - деді министр Ажар Ғиният.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Қазақстан медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша екі декларацияның отаны екенін еске салды. 1978 жылы мүше мемлекеттер қабылдаған Алматы декларациясы бүкіл әлемде денсаулық сақтаудың дамуына әсер етті.

2018 жылы МСАК жөніндегі жаһандық конференция алаңында ДДҰ-ға мүше мемлекеттер – МСАК жөніндегі Астана декларациясын қабылдады. Өз кезегінде, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстан Үкіметі мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы айрықша ынтымақтастықты атап өтті.

«2016 жылы ДДҰ мен Қазақстан бірлесіп ДДҰ-ның медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Еуропалық орталығын құрды. Соңғы екі жылда біздің жұмысымыз айтарлықтай жеделдеді. Біздің медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі офисіміз Қазақстанда – медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі екі маңызды жаһандық декларацияның отаны – 1978 жылы Алматы қаласында және 2018 жылы елордада орналасқанына өте қуаныштымын. Қазақстан тұрақты даму саласындағы бірнеше мақсатқа қол жеткізудің іргетасы болып табылатын медициналық-санитарлық алғашқы көмек саласындағы әлемдік және өңірлік көшбасшы болды және болып қала береді», - деді Ханс Клюге.