Ұлттық банктен жаңа шектеу: несие төлемі табыстың 25%-ынан аспауы тиіс

2 573

Фото: ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.Ұлттық банк қазақстандықтардың қарызға белшесінен батпауына бағытталған жаңа шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Несиенің шекті мөлшері қандай болмақ?

Жаңа ережеге сәйкес, азаматтардың тұтынушылық несиесі олардың табысының 25%-ынан аспауы керек. Яғни, енді жалақыңыздың тек төрттен бір бөлігіне ғана жететін ай сайынғы төлеммен несие алуға рұқсат етіледі. Бұған дейін бұл шек 50% (жарты табыс) болатын.

Мысалы:

Егер бір адамның жалақысы 200 000 теңге болса, оның ай сайынғы несие төлемі 50 000 теңгеден аспауы қажет.Бұл шектеу әсіресе бұрын несиесін төлеуде қиындық көрген адамдарға қатысты қолданылмақ. Мәселен, соңғы 12 айда 90 күннен артық төлемеген азаматтар үшін де осы 25% шегі енгізіледі.

Несиелеу тәртібінде тағы қандай өзгерістер бар?

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, онлайн микронесиелер тек биометриялық сәйкестендіру (бет-әлпет тану) және электронды қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы ғана беріледі.

Бұл – бөтен адамның атынан несие рәсімдеу жағдайларын азайтуға бағытталған.

Әрбір азамат өз еркімен несие алудан бас тартатыны туралы өтініш жазып қалдыра алады. Бұл жағдайда ешбір банк немесе микроқаржы ұйымы ол адамға қарыз бере алмайды.

Егер сот несие алаяқтық жолмен рәсімделген деп таныса, онда азамат қарыздан толық босатылады.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары енді несие өтініштері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде кредиттік бюроға жіберуге міндетті. Бұрын азаматтар бір күнде бірнеше жерден несие алып үлгеріп жүрген.

Жаңа ереже бойынша, онлайн несие алғаннан кейін ақша сіздің шотыңызға бірден емес, 24 сағаттан соң ғана түседі. Бұл – "суыту мерзімі" деп аталады. Яғни, сіз ойланып, қажет болмаса несиеден бас тарта аласыз.

21 жасқа дейінгі жастар, 55 жастан асқандар, және алғаш рет несие алғалы отырғандар – арнайы "Электрондық үкімет" порталы арқылы келісім беруі керек. 

Алаяқтыққа қарсы күрес те күшейтілді

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Ұлттық банктің жанынан құрылған Антифрод-орталық (алаяқтықпен күрес орталығы) 100 мыңнан астам күмәнді операцияны анықтап үлгерген. Нәтижесінде 2,3 миллиард теңге көлеміндегі алаяқтық әрекеттер дер кезінде тоқтатылған.