Қызылордада нан өнімдерін өндіру кешенінің ашылу рәсімі өтті

1 503

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін «Қызылорда-Нан» серіктестігі нан өнімдерін шығару кешенінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, қала тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірде жүзеге асырылған ірі инвестициялық жобаларды атап өтіп, жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс», – деген болатын.

Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2022-2024 жылдары аймақ экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБиыл 631 млрд. 400 млн. теңгеден астам инвестиция тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткен 8 айда 408 млрд. 200 млн. теңге инвестиция тартылып, жоспардың орындалуы бойынша Қызылорда облысы республикада бірінші орынға шықты. Жыл соңына дейін жаңа жобаларды іске қосу есебінен жоспар 716 млрд. теңгеге дейін артығымен орындалады. Тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша 280 млн. АҚШ доллары бекітілген, осы жылдың ІІ тоқсанында 172,9 млн. АҚШ доллары тартылып, жоспар 62%-ға орындалды.

-Бүгін өңір экономикасына тың серпін беретін «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан өнімдері кешенінің ашылу салтанатында бас қостық. Баршаңызды жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жобаға атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға, барлық серіктес ұйымдарға алғысымызды білдіреміз. Кешеннің жұмысы табысты, өндірісі берекелі болсын! Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйледі. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі, өңдеу өнеркәсібі саласына ауқымды инвестиция салғаны үшін меценат Нейля Жүсіпова Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылордада алғаш рет 1957 жылы іске қосылған нан зауыты 1995 жылға дейін тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз еткен болатын. Араға отыз жыл салып, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, жаңа кешен жұмысын бастады.

Жалпы 5,6 миллиард теңге қаржы жұмсалған бұл кешен – тек өндірістік қана емес, әлеуметтік және ұлттық маңызға ие ірі нысан. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етіп жатыр, алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 170-ке дейін көбейеді.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіКешенге мемлекеттік қолдау ретінде 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 1,2 миллиард теңге жеңілдетілген несие беріліп, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Бірінші кезеңде 3,1 миллиард теңгеге заманауи, толық автоматтандырылған жабдықтары бар төрт өндірістік цех іске қосылды. Алдағы жылы жобаның екінші кезеңінде 2,5 миллиард теңгеге ұн комбинатын салу жоспарланған.