Қазақстанда қандай мамандарға айына 1 миллион теңгеге жуық жалақы берілетіні белгілі болды
Желтоқсан айында жұмыс берушілер тарапынан білікті кадрларға деген сұраныс аз болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2023 жылы желтоқсанда Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 119,6 мың бос жұмыс орны мен 59,2 мың түйіндеме жарияланған. Қарашамен салыстырғанда сұраныс 10 %-ға (+10,6 мың бос орын) өсіп, ұсыныс 23%-ға (-17,8 мың түйіндеме) қысқарған.
Желтоқсан айында негізгі сұраныс басқа қызмет түрлерінің кәсіпорындары (16,8 мың бос жұмыс орны), ауыл шаруашылығы (13,9 мың бос жұмыс орны) мен негізгі және орта білім беру ұйымдары (6,8 мың бос жұмыс орны) есебінен қалыптасты. Олар жиынтығында барлық орналастырылған бос жұмыс орындарының үштен бірінен астамын құрайды.
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласында білікті мамандарға сұраныс азайған.
Жұмыс берушілер қараша айында ең жоғары жалақыны өндірістің бас технологтарына (орта есеппен 954 мың теңгеден), ұңғымаларға қызмет көрсететін инженерлерге (800 мың теңгеден) және жүйелік сәулетшілерге (700 мың теңгеден) ұсынды.