Зейнетақы мөлшерін көбейтуге бюджеттен 219,9 млрд. теңге бөлінеді

635

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге, зейнетақы мен жәрдемақыны көбейтуге 219,9 млрд теңге қарастырылып отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


Мәжіліс депутаттары үш жылдық бюджетті қарау кезінде заң жобасына 2023 жылға бірқатар түзету енгізді.
Атап айтқанда:
Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауының іс-шараларын іске асыруға – 219,9 млрд. теңге (зейнетақы мөлшерін ұлғайту, бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығын ұлғайту, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны монетизациялау, жастарды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету, мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларын өткізу);
әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс аясында жекелеген іс-шараларды іске асыруға – 14,7 млрд теңге;
тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары бойынша сыйлықақыларды төлеуге – 35 млрд теңге.
Сондай-ақ 54,3 млрд теңге қосымша ауылдық және қалалық сумен жабдықтауға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, газбен жабдықтауды дамытуға, жолдарға, ауруханалар салуға бағытталады.
Қаржыландыру көздері – президенттің бастамаларына арналған резерв және үкімет резерві.
Бұдан басқа, президенттің білім және ғылым министрлігін қайта ұйымдастыру туралы жарлығын іске асыру үшін шығыстарды ұлғайтпай екі жаңа министрлікке қайта бөлуді көздейтін түзетулер енгізілді.
Мәжіліс заң жобасын мақұлдады.