Жүк пойызы рельсте отырған ер адамды қағып кетті: Ол оқиға орнында көз жұмды
19 қараша күні Шортанды мен Дамса ауылдарының арасында жүк пойызы теміржол рельсінің үстінде отырған ер адамды қағып кеткен. Машинистің айтуынша, ер адам рельстің дәл үстінде отырған. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға теміржолдың 428-шақырымында болған. 47 вагоннан тұратын жүк пойызы сағатына шамамен 64 шақырым жылдамдықпен қозғалған.
Машинистің айтуынша, пойыз жүріп келе жатқан кезде ол рельстің үстінде отырған адамды байқаған. Ол кезде локомотивке дейінгі қашықтық шамамен 300 метр болған. Машинист дереу шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, ауыр салмақты пойызды соқтығысқанға дейін тоқтату мүмкін болмаған.
Салдарынан ер адам өмірімен үйлеспейтін жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты. Оқиғадан кейін пойыз тоқтаған.
Кейін марқұмның Шортанды ауылының тұрғыны екені анықталды.
Оқиғаға байланысты Астана станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
Ведомство өкілдері теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте еске салды. Азаматтарды теміржолды тек арнайы жабдықталған жерлерден кесіп өтуге, жақындап келе жатқан пойыздың дыбысын есту үшін құлаққап пен капюшонды шешуге, перрон шетінде тұрмауға және электр тогына түсу қаупіне байланысты вагондардың үстіне шықпауға шақырды.
Қаз
Рус






