Қазақстан Еуропаға енді желдің қуатын жөнелтеді

2 515

Алдағы жылдар – Қазақстанда жел энергетикасының қарыштап дамитын бесжылдығына айналуы мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 9 айында электр өндірісіндегі жаңғыратын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 5,97%-ға жетті. Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшуі тұжырымдамасында елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін 2030 жылы 15%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу көзделген. Соның ішінде 2023 жылы бұл көрсеткіш 5%-ға жетеді деп жоспарланған еді. Жоспар асыра орындалып отыр.


Ең аз қуат үлесі биологиялық электр станцияларына (БиоЭС немесе қидан қуат өндіретін станцияларға) тиесілі – 2,25 млн кВт/сағат. Күн электр станциялары биыл 1 млрд 571,9 млн кВт/с, шағын гидроэлектр станциялары – 760,9 млн кВт/сағат энергия жасады.


Енді Энергетика министрлігі Қазақстан және Сауд Арабиясы Корольдігінің үкіметтері арасындағы "Жел энергетикасы станциясының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімнің" жобасын қоғамдық талқылауға шығарып отыр. Оған сәйкес, Сауд Арабиясы қазақ еліне осы саладағы инновациялық жасыл технологияларды табыстауға тиіс.


Құжат екі ел арасындағы ірі 1 жобаға арналған. Бірақ онымен шектеліп қалмайды.


"Келісім тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға жәрдемдесетін жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Осы келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға және жасыл технологияларға және электр энергиясын өндіруге және сақтауға бағытталған инновацияларға қолданылады", – делінген келісім жобасында

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Баку қаласында өткен Қазақстанның, Әзербайжанның, Өзбекстанның энергетика және экономика министрлерінің кездесуінде тиісті келісімге қол жеткізілді. тОған сәйкес, ЖЭК, соның ішінде жел электр энергиясы Қазақстаннан Әзербайжан аумағы арқылы Еуропаға экспортталмақ.

"Кездесу қорытындысында ведомство басшылары бірлескен коммюникеге қол қойды. Онда елдердің жаңартылатын энергия көздерден алынған электр энергиясын Еуропаға экспорттау жобасына қосылуға дайын екені атап өтті. Қатысушылар жаңартылатын энергия көздеріне баса назар аударып, энергия алмасу саласындағы, жасыл сутегі мен жасыл аммиакты әзірлеу және экспорттау мүмкіндіктері және ілеспе инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі техникалық тапсырманы әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге келді", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.


Бір ғажабы, сол аукциондар қорытындысында жел электрінің құны рекордтық шамаларға дейін құлдырап, арзандады. Нақтыласақ, осы аптада, 13 қарашада жиынтық қуаты 100 МВт болатын, Солтүстік аймаққа арналған жел энергетикалық станциялары жобаларын іріктеу бойынша аукцион ұйымдастырылды. Сауда-саттыққа қатысуға 6 компания жіберілді, олар 18 баға ұсынысын берді. Берілген өтінімдердің жалпы көлемі 450 МВтты құрады.


Қатысушылардың өзара бәсекелесуі барысында өтінімдердің баға диапазоны, яғни әр киловаттың құны 22,68 теңгеден 10,5 теңгеге дейін немесе рекордтық 54%-ға құлдырады.


Өзге аймақтардағы бұған дейінгі аукциондарда желден алынатын тоқтың бағасы 11-15 теңге аралығында болыпты.