Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын арттыратын заңды қабылдады

2 525

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Министрлер кабинеті арасындағы «Қарасу» мен «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Қырғыз Республикасының Президенті С. Жапаровтың Қазақстанға сапары, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің 6-шы отырысының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшылары тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге, оның ішінде екі елдің шекаралас аумағында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның жұмыс істеуі есебінен ұлғайтуға уағдаласты. 2023 жылдың 9 маусымда Астана қаласында кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері жанында орналасады», - деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.


Кешен өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұрады. Кешенді сүт, ет, көкөніс, тоқыма, фармацевтика және тағы басқа өнімдерін өндіру сияқты кооперациялық жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасалады.


«Сондай-ақ кешенді құру Қырғыз Республикасымен сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Биылғы 28 наурызда Жамбыл облысының әкімдігі инвесторды іріктеу бойынша конкурс жариялады. 19 сәуір күні конкурстың екінші кезеңі жарияланды. Алайда, өтінімдердің болмауына байланысты инвестор іріктелмеді. Осы жылы мамыр айында қайта конкурс жарияланады. Кешенді салудан басқа, әлеуетті инвестордың алдына инженерлік инфрақұрылымды (газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, канализация, телекоммуникация, қоршау, абаттандыру) жүргізу бойынша жағдайлар қойылған. Аталған нысанды салу бойынша одан әрі жұмысты жергілікті атқарушы орган инвестормен бірлесіп атқарады. Келісімді ратификациялау өңір экономикасының дамуына және Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға қолайлы әсер етеді», - деді вице-министр.