ҚазМұнайГаз басшысы мен Энергетика вице-министріне қатаң сөгіс жарияланды
“ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа дизель отынымен уақытылы қамтамасыз етпегені үшін қатаң сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет хабарламасына сәйкес, еліміздің барлық өңірін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған Комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия Үкімет басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған. Құрамына жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері кірді.
Комиссия елімізде маңызды орын алып отырған жанармайдың жетіспеушілігіне әсер еткен факторларды анықтаған. Мәселен, негізгі себептердің бірі отын тұтынудың айтарлықтай өсуі болып отыр, бірінші кезекте шетелдік транзиттік көлік отынды көп тұтынады. Екінші себеп – бағаның айтарлықтай айырмашылығына байланысты Қазақстаннан көршілес елдерге дизель отынының жіберілуі.
Мысалы, Қазақстанда дизельдің бір литрі – 230-260 теңге, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі баға 440 теңгеге дейін жетеді.
Жағдайды қалыпқа келтіру және жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шаралар қабылданды:
– дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл 2021 жылға қарағанда 340 мың тоннаға жоғары;
– мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемі ұлғайтылды;
– "Самұрық-Қазына" қоры және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді;
– Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын кеңейту жоспарланған;
– 2023 жылдан бастап мұнай өңдеу зауытының жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр, оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай МӨЗ-ді тікелей сатып алу жолымен жеткізілетін болады.
Бұдан басқа, Энергетика министрлігі мен жанармай бекеттерінің ірі желілерінде колл-орталықтар ашылды, онда қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және жанар-жағармай материалдарын сатудан бас тарту фактілері туралы хабарлай алады.