Азық-түлік бағасы арзандады
2025 жылдың мамырда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы әртүрлі бағытта өзгерістерге ұшыраған, – деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл өзгерістер негізінен өткен жылғы егінді сақтау кезеңінің аяқталуы мен жаңа піскен өнімдердің нарыққа шығуына байланысты маусымдық факторлар әсерінен болды. Жаңа піскен өнімдер мен көкөністердің жеткізілуі азық-түлік инфляциясының баяулауына мүмкіндік береді деп күтілуде.
Кейбір азық-түлік тауарларының бағасы арзандады. Мысалы, 2025 жылғы 27 мамырдағы деректер бойынша алдыңғы аптамен салыстырғанда қырыққабат 3,4%-ға, жұмыртқа 0,7%-ға, қарақұмық, макарон және күнбағыс майы 0,1-0,2%-ға арзандаған. Нан мен күріштің бағасы тұрақты болып, өзгеріссіз қалды.
Соңғы аптада сәбіз 4,2%-ға, картоп 2,8%-ға, пияз 2,5%-ға, тұз 1,6%-ға, сүзбе 0,8%-ға, сүт пен қант 0,3%-ға, май, сиыр еті мен тауық еті 0,2%-ға, ұн мен айран 0,1%-ға қымбаттады.
2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 6,8%-ға өсті.