Қазақстанда жоғары технологиялы дрондар шығарылады
Енді елде жоғары технологиялы өнеркәсіптік дрондар шығарылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қытайлық компания Қазақстандағы бұл өндіріске 12 миллион доллар инвестиция құяды. Жоба құрылысы наурыз айында басталмақ. Жоба ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік және ғылыми-зерттеу орталығын салуды көздейді. Аймаққа аккумулятор шығаратын цех, инновациялық ғылыми-зерттеу технологиялық орталығы, машиналардың толық циклін сақтау және ұшу аппараттарына арналған сынақ алаңы кіреді.
Аспан асты елі – саланың сөзсіз көшбасшысы. Дүниежүзілік ұшқышсыз ұшу аппараттары федерациясының мәліметі бойынша барлық өнеркәсіптік дрондардың 55%-і Қытайда өндіріледі. Сондай-ақ өткен жылы бұл елде дрондар нарығы 79 млрд доллардан асқан.
Дрондар шаруашылықта да белсенді қолданысқа ие. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр агродрондар 2 мың гектардан аса жерде шегірткемен күреске пайдаланылған.