191 млрд теңге: интернет-казиноларға ақша аударған топ сотқа жіберілді
Қазақстанда шетелдік интернет-казинолардың пайдасына заңсыз ақша аударумен айналысқан топтың қылмыстық ісі сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN сияқты интернет-казиноларға ақша аударып отырған. Бұл мақсатта түрлі банктерде орнатылған жүздеген терминал пайдаланылған. Жүргізілген заңсыз операциялардың жалпы көлемі 191 миллиард теңгеге жетіп, ұйымдастырушылар 286 миллион теңге комиссиялық сыйақы алған.
Ақша аударымдарының нақты мақсатын жасыру үшін күдіктілер заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректерін олардың рұқсатынсыз пайдаланған. Олардың атына терминалдар тіркеліп, қаражат жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы тауар немесе қызмет ақысы ретінде көрсетілген. Түскен ақша шетелдік тараптарға криптовалюта арқылы да жіберіліп отырған.
Қазіргі уақытта қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды. Соттың рұқсатымен төрт автокөлікке және 103 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақшаға тыйым салынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жарияланбайды.
Қаз
Рус






