Қазақстан Арал теңізін сақтаудағы тәжірибесімен бөлісті

1 500

Фото: gov.kzСу ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев су экожүйелерін қалпына келтіру және Солтүстік Арал теңізін қайта жандандыру тәжірибесіне арналған панельдік сессияда сөз сөйледі,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара министрліктің бастамасымен Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында ұйымдастырылған.

Өз сөзінде вице-министр "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасының бірінші кезеңінің нәтижелерін айтты. Жоба Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылды. Көкарал бөгетінің салынуы нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдыны 870 шаршы шақырымға ұлғайып, судың тұздылығы шамамен екі есе төмендеді.

Сондай-ақ қатысушыларға "Солтүстік Арал теңізі және ирригация жүйелерін жаңғырту" кешенді жобасы таныстырылды. Ол суару инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді. Жобаның бірінші кезеңі 2027-2030 жылдарға жоспарланған және Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен іске асырылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын ұсынды. Олар - тәжірибе алмасу, су экожүйелерін қалпына келтіруді тұрақты қаржыландыру және нақты нәтижелерге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

"Солтүстік Аралды қалпына келтіру – бұл тек инженерлік жоба ғана емес, сонымен қатар экожүйені қалпына келтіруге және өңірдің тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Біздің тәжірибеміз инженерлік шешімдер суды ұтымды пайдаланумен ұштасқанда ғана тұрақты нәтиже беретінін көрсетеді. Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесін бөлісуге және басқа өңірлерде қолдануға болатын тәсілдерді бірлесіп зерделеуге дайын", – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев.
OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.