Meta Instagram-дағы жасөспірімдердің жасын анықтайтын жүйені іске қосты
Meta компаниясы Instagram желісіндегі жасөспірімдердің жасын жасанды интеллект көмегімен анықтайтын болды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа жүйе жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейтіп, олардың әлеуметтік желідегі әрекеттерін қосымша шектеуге мүмкіндік береді.
Компанияның мәліметінше, технология пайдаланушы тіркелу кезінде өзін кәмелетке толған адам ретінде көрсетсе де, оның шын мәнінде жасөспірім екенін анықтай алады. Жасанды интеллект жасөспірім деп таныған аккаунттар автоматты түрде арнайы Teen Accounts режиміне ауыстырылады. Бұл режимде бейтаныс адамдармен байланысуға, кейбір контентті көруге және әлеуметтік желіде өткізетін уақытқа шектеу қойылады.
Meta осындай технологияны Facebook желісіне де енгізіп жатыр. Ал жыл соңына дейін жас мөлшерін анықтау жүйесін Threads платформасында әлем бойынша іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл шаралар Meta компаниясының АҚШ-тың 52 штаты, аумағы және Колумбия округінің бас прокурорларымен жасасқан келісімі аясында қолға алынған. Келісімнің негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған пайдаланушыларды, соның ішінде 13 жасқа толмаған балаларды анықтау тетіктерін жетілдіру.
Қараша айынан бастап АҚШ-та жасөспірімдердің ата-аналарына Instagram-нан арнайы хабарламалар жіберіле бастайды. Онда балалардың қауіпсіздігі үшін қандай шектеулер енгізілгені және аккаунт ашу кезінде нақты жасын көрсету қажеттігі түсіндіріледі.
Компания басқа да әлеуметтік желілерді осы бағытта шара қабылдауға шақырды. Атап айтқанда, TikTok пен YouTube платформаларына да кәмелетке толмаған пайдаланушыларды қорғаудың осындай тетіктерін енгізуді ұсынды.
Қаз
Рус






