Қазақстан Орталық Азияға жолбарыстарды қайтаруы мүмкін – Путин
191
Владимир Путин Ресей тәжірибесінің көмегімен Қазақстанның 2025 жылы Орталық Азияға жолбарыстарды қайтара алатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Владивосток қаласында Русский аралында жолбарыстарды қорғаудың екінші халықаралық форумы ашылды. Форум Қиыр Шығыс федералды университетінің аумағында 5-8 қыркүйекте өткізілмек.
"Орталық Азияға жолбарыстарды қайтарумен айналысатын қазақстандық серіктестер бағдарламасында біздің тәжірибеміздің сұранысқа ие болғаны қуантады. Ресейлік мамандар 2025 жылы онда алғашқы жолбарыстар пайда болуы мүмкін екенін айтуда. Бұл бастама өте маңызды", - деді Путин.
Іс-шараның бірінші күні Қазақстан мен Ресей жолбарысты республика аумағына қайта жерсіндіру туралы келісімге қол қойды. Олардың бір бөлігін Приморьеден әкелуге болады. Форум аясындағы келісімге Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мен Ресейдің Табиғи ресурстар министрі Александр Козлов қол қойды.
"Популяцияның бірінші ұрпағы Амур жолбарыстарынан, оның ішінде Приморьеден келгендер болады деп болжануда", - делінген хабарламада.
Ресей орман және аңшылық шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Алексей Суровойдың айтуынша, Амур жолбарысы популяциясының шамамен 70%-ы Приморьеде тұрады.
"Біздің жолбарыстарды ұстау, қалпына келтіру және көшіру бойынша қажетті тәжірибеміз бар. Сондай-ақ осы жануарларды қорғау, зерттеу бойынша тәжірибе алмасуға және бөлісуге дайынбыз", - деп қосты ол.